Фото: pixabay.com
Оның айтуынша, агенттік финтех және телеком компаниялары көрсететін жекелеген қаржылық қызметтерге қатысты жаңа реттеу талаптарын енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті нормалар қазір талқыланып жатқан құжатқа енгізіледі.
«Біз банк туралы заң жобасын әзірлеген кезде финтех және телеком-компаниялардың, сондай-ақ маркетплейстер мен сауда алаңдарының несие беру қызметін жүзеге асыратынын жан-жақты талқыладық. Яғни, олар қарыз береді. Егер бұл толықтай «несие» анықтамасына сәйкес келсе, онда қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін дәл сондай реттеу талаптарын енгізу қажет», деді М.Әбілқасымова.
Агенттік басшысының айтуынша, бұл нормалар 2026 жылы әзірленіп, қабылданады.
«Қазіргі уақытта біз банктерге қатысы жоқ, қаржы ұйымдарына кірмейтін маркетплейстер өз тауарлары мен қызметтерін несие немесе бөлеп төлеу арқылы ұсынып отырғанын көріп отырмыз. Яғни, бұл – факті бойынша несие қызметі, оның барлық белгілері бар. Егер ол несиенің белгілеріне ие болса, онда ол несие ретінде реттелуі тиіс», деп есептейді КНРДА төрағасы.
Мұндай қаржылық өнімдер үшін сыйақының шекті мөлшерлемелері белгіленеді және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты барлық талаптар қолданылады.
«Егер өнімнің табиғаты бойынша ол несие болса, онда оған тиісті реттеу қажет. Тағы да атап өткім келеді: бұл телеком және финтех компанияларының бүкіл қызметін реттеу емес, тек агенттіктің қадағалауына жататын қаржылық қызметтерін реттеу. Мұндай жағдайда біз олар үшін басқа да кредиттік ұйымдардағыдай бірдей талаптарды белгілеуіміз керек», деді ол.
Бұған дейін XIII Қаржыгерлер конгресінде агенттік басшысы телеком және финтех компаниялары тарапынан берілетін несиелер жалпы шарттар бойынша реттелетінін хабарлап, осы кезге дейін мұндай өнімдер тиісті бақылаумен қамтылмағанын айтқан.